Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету ережесі мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2299 Қаулысы

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету ережесі мен шарттары бекітілсін.
  2.  Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.


Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2229 қаулысымен  
бекітілген     


Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету ережесімен шарттары

1. Жалпы ережелер

  1. Осы Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету ережесі және шарттары (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды.
  2. Ақылы медициналық қызметтер медициналық қызметтерді тұтынушылар болып табылатын жеке тұлғаларға (бұдан әрі - пациенттер) көрсетіледі.
  3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
    - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі -ТМККК) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін медициналық көмектің бірыңғай көлемі;
    - ақылы қызметтер - ТМККК тізбесіне кірмейтін және пациенттердің жеке қаражаты, жұмыс берушінің, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты есебінен, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден ақы төленетін басқа да қызметтер;
    - ақылы бөлімшелер (палаталар) - денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы негізде ТМККК тізбесіне кірмейтін медициналық қызметтерді көрсетуге арналған бөлімшелер (палаталар);
    - денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.

2. Ақылы қызметтерді көрсету тәртібі

       4. Ақылы қызметтердің түрлері және олардың баға прейскуранты мемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдарындағы көрнекі ақпарат арқылы халықтың назарына жеткізіледі.
       5. Азаматтарға ақылы қызметтерді көрсеткен кезде есеп және есептілік құжаттамасын жүргізу уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша жүзеге асырылады.
       6. Денсаулық сақтау ұйымдары ақылы негізде медициналық көмек алған пациенттерге:
- амбулаториялық-емханалық көмек көрсеткен кезде тиісті медицина қызметкерлерінің қорытындысын;
- стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсету, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту кезінде медициналық көмек сырқатнама үзіндісін;
- көрсетілген медициналық көмек үшін жұмсалған шығыстар туралы ақпарат береді.

      7. Ақылы медициналық қызметтер осы Ережеге қосымшаға сәйкес пациент пен осы қызметтерді ұсынатын денсаулық сақтау субъектісі арасында жасалатын шарт негізінде көрсетіледі.
      8. Пациент пен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы шарт ақылы қызмет көрсеткенге дейін жасалады.
      9. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтердің бағалары медициналық қызмет, сервистік қызметтер көрсетуге байланысты барлық шығындар ескеріле отырып анықталады және жарты жылда бір реттен артық емес қайта қаралуы мүмкін.
      Ақылы қызметтер бағасы ТМККК арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшісі белгілейтін ұқсас медициналық қызмет тарифінен төмен белгіленбейді.
      10. Денсаулық сақтау субъектісі ақылы қызметтер корсету бойынша жол берілген тәртіп бұзушылықтар (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтер үшін азаматтардан ақы алу, пациенттен және бюджет қаражатынан көрсетілген бір медициналық қызмет үшін екі есе ақы алу, тиісті көлемдегі және сапалы медициналық қызметтерді көрсетпеу) үшін жауапты болады.

3. Ақылы қызметтерді көрсету шарттары

      11. Ақылы қызметтерді мемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдары аурудың бейіні мен медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы сәйкес келген кезде көрсетеді.
      12. Денсаулық сақтау ұйымдарының ақылы қызметтер көрсетуі мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
     - пациенттердің бастамасы бойынша, оның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жолдамасынсыз диагностикалық және емдеу қызметтерін көрсеткенде;
     - емдік формулярға енгізілмеген емдік құралдармен емдегенде;
     - ТМККК тізбесіне енбеген медициналық зерттеулер жүргізгенде;
     - тиісті жолдамасыз санаториялық емдегенде;
     - медициналық көрсетімдерсіз медициналық-генетикалық зерттегенде;
     - жұмысқа орналасу және оқуға түсу үшін азаматтарды медициналық зерттеп-қарағанда;
     - ұйыммен шарт бойынша, оның ішінде ерікті сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсеткенде;
     - қосымша сервистік қызметтер көрсеткенде.